Павлодарда сотталған азаматқа әкесін табуға көмектесті

Павлодарда сотталған азаматқа әкесін табуға көмектесті
Фото: Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

Есепте тұрған сотталған азамат жылдар бойы әкесін іздестірген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, істі болған ер адамның әкесін табуға пробация қызметінің қызметкерлері көмектескен. Бұл оқиға пробация жүйесінің тек қылмыстың алдын алуға ғана емес, әлеуметтік және адами мәселелерді шешуге де бағытталғанын айқын дәлелдейді.

Пробация есебінде тұрған азамат өзінің биологиялық әкесін табу туралы өтінішпен пробация қызметіне жүгінген. Қызметкерлер бұл өтінішке бей-жай қарамай, жергілікті атқарушы органдармен және ішкі істер бөлімдерімен бірге іздестіру шараларын жүргізген.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде сотталған азаматтың әкесі табылып, олардың арасында көп жылдан бері үзілген байланыс қайта орнаған. 

– Біздің басты міндетіміз – сотталғандарды әлеуметтік оңалту және оларды қоғамға қайта бейімдеу. Отбасылық байланыстарды қалпына келтіру – бұл жолдағы маңызды қадамдардың бірі, – деді Павлодар қаласы пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры Нұрлан Сейілбек.

Пробация қызметі мұндай әлеуметтік және моральдік қолдау көрсету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.