Павлодар облысында өрт саны азайды

Павлодар облысында өрт саны азайды
К.Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде 30-дан астам тілсіз жау орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаров жылыту маусымы бұл үйлердегі өрт қауіпінің айтарлықтай артатын уақыты екенін айтады. Әрі тілсіз жаудың басталуы көбіне күрделі себептерден емес, қарапайым адамдардың қауіпсіздікті бұзуынан болатынын атап өтті. 

- Жылыту маусымы басталғаннан бері яғни 2025 жылдың 1 қазанынан бастап облыста 37 өрт тіркелді. Өрттің ең көбі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тіркеліп отыр. Өткен жылыту маусымының осы кезеңімен салыстырар болсақ, былтыр 94 өрт тіркелген. Өрт саны азайғанымен оның салдары әлі де ауыр, - дейді Берік Омаров.

Биылғы жылыту маусымы басталғалы бері өңірде өрттен 7 адам көз жұмып, 5 адам түрлі дене жарақатын алған. Өрттің басты себебі пешті дұрыс пайдаланбау, электр құрылғыларын қауіпсіздік талаптарын сақтамай қолдану, сонымен қатар қолдан жасалған және ақауы бар жылытқыштарды пайдалану.

- Қазір өрттің көбі 1960-1970 жылдары салынған ескі үйлерде шығатыны анықталды. Бұл үйлердегі электр сымдары мен жылыту жүйелері толықтай тозған. Мұндай жайттар өрт қауіпін күшейтеді. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыста 2025 жылы 15 тамызынан бастап прафилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде ТЖД қызметкерлері 120 мыңнан астам үйді аралап, 200 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал өрт қауіпсіздігіне қатысты 812 жұмыс БАҚ беттерінде жарияланды, - дейді ол.

Бұдан бөлек, төтеншеліктер әлеуметтік осал топтағы адамдар тұратын 1289 үйді есепке алған. Олардың барлығы 100 пайыз прафилактикалық жұмыспен қамтылған. Жергілікті бюджет есебінен мыңнан астам өртқабарлағыш құралдары ортантылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп деп отыр өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары. Айтуынша, бұл құралдар өрттің алдын алуға, адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқаратын көрінеді. 

- Мысалы, биыл 11 қаңтарда Екібастұз қаласына қарасты Төртқұдық ауылындағы тұрғынүйде өрт шығып, орнатылған автоматты өрт хабарлағыш дер кезінде іске қосылды. Нәтижесіне тұрғындар қауіпті біліп, аман есен сыртқа шықты. Яғни, 2 адам құтқарылды. Сонымен қатар, білім беру нысандарында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мыңнан астам нұсқама айтылып, 23 мыңнан астам адам өрт қаіпсіздігіне оқытылды. Адамдар көп жиналатын орталықтардағы лед экрандарға өрт қауісіздігі туралы бейнероликтер орнатылды, - дейді Берік Омаров.

Маман жылыту маусымындағы адамдар ескере бермейтін тағы бір қауіпті атап өтті. Ол - көмір қышқыл газымен улану. Бұл адамды ес-түсінен айырып қана қоймай, өміріне де айтарлықтай қауіп төндіреді. Осы орайда, төтеншеліктер тұрғындарға пешті және электржылытқышты қараусыз қалдырмауды ескертеді. Электр желісіне шамадан тыс жүктеме қоспауды, ескі әрі зақымданған сымдарды қолданбауды, пеш мұржаларын тұрақты тазалауды, әрі балалрды жалғыз, қараусыз қалдырмауды ескертеді.