Екібастұзда санитарлық талапты елемеген мейрамхана иесі сотта жеңілді

Екібастұзда санитарлық талапты елемеген мейрамхана иесі сотта жеңілді
Фото: pexels.com / pixabay

Қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жақын маңдағы үйлер тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде тексеру жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұрғындар шағымдарына санитариялық нормалардың бұзылғанын дәлелдейтін материалдарды да қоса ұсынған.

– Тексеру нәтижесінде мейрамхана аумағында қалдықтарды жинауға арналған қақпағы жоқ екі металл бөшкенің бары, жабық контейнерлердің болмауы, дезинсекция және дератизация жұмыстарының жүргізілгенін растайтын құжаттардың жоқтығы, сондай-ақ қатты тұрмыстық және тамақ қалдықтарын шығаруға қатысты келісімшарттардың ұсынылмағаны анықталды. Осыған байланысты ҚСЭББ кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді. Алайда мейрамхана иесі бұл шешіммен келіспей, нұсқаманы заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінді, – деді №2 облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі.

Сот отырысында жоспардан тыс тексерудің Кәсіпкерлік кодексте көзделген негіздерге сай жүргізілгені анықталды. Сонымен қатар, тексеру барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» бұзылғаны расталды.

Мейрамхана иесінің тексеру актісі мен нұсқамада мекенжайдың дұрыс көрсетілмегені туралы уәжі сотпен негізсіз деп танылды, себебі бұл елеулі заңбұзушылық болып саналмайды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 84-бабына сәйкес, мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт тек формальды негіздермен заңсыз деп танылмайды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың сәуір айында Екібастұз қаласында болған тойдан кейін бірнеше қаланың (Астана, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз) 56 тұрғыны тамақтан уланып, ауруханаға түскен.