Павлодар облысында дәрі-дәрмек бағасының өсімі ең төмен деңгейде тіркелді
Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер бағасы соңғы 51 ай қатарынан өсіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары мәлім етті. Бағалардың айлық динамикада төмендеуі ресми статистика жүргізіле бастаған уақыттан бері, яғни соңғы 15 жыл ішінде мүлде тіркелмеген. 2025 жылғы желтоқсан қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнімдер бір айда 0,9%-ға, ал бір жылда 13,6%-ға қымбаттаған.
Өңірлер бойынша баға өсімінің деңгейі біркелкі емес. Жылдық көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 4,8%-дан 19,6%-ға дейін жетеді. Ең жоғары өсім 2025 жылғы желтоқсанда Шымкент қаласында тіркеліп, 19,6%-ды құрады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан (18,3%), Қарағанды (17,9%) және Жетісу (17,5%) облыстарында дәрі-дәрмек бағасының өсу қарқыны жоғары болды.
Ал Павлодар облысында фармацевтикалық өнімдер бағасының жылдық өсімі ең төмен деңгейде қалыптасты — 4,8%. Сонымен қатар Маңғыстау (5,5%), Ұлытау (8,1%) және Қостанай (8,3%) облыстары да салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштер қатарында.
Сарапшылардың пікірінше, өңірлік құрылым баға динамикасының теңгерілмегенін көрсетіп отыр. Кейбір облыстарда фармацевтикалық инфляцияның республикалық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары болуы дәріхана нарығының әлеуметтік маңызын арттырып, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мәселесін өзекті ете түсуде.