Екібастұз тұрғыны: Белгісіз күш қобызды қарағайдың тамырымен жұлып әкеткен

Екібастұз тұрғыны: Белгісіз күш қобызды қарағайдың тамырымен жұлып әкеткен
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қобыз ілген жері Шалдай мен Мерғалым (бұрынғы Қорт) ауылдарының ортасында, қарағай ішінде орналасқан, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» резерватының мәліметінше, алдағы уақытта «Қобыз ілген» туристік маршрутын ашып, Қарағай елінің сакралды жерлері картасына және «Бесқарағайдың алтын шеңбері» зиярат ету турының шеңберіне қосу жоспарланып отыр. 

Екібастұз қаласының тұрғыны Құралай Саханқызы – Жаратқан ерекше қабілетке берген, таңғажайып тұлға, сынықшы Мерғалым ата Мұхтариханұлының  балдызы. Сондай-ақ «Қобыз ілген» деп аталған жердің шығу тарихына байланысты оқиғаның бас кейіпкері, қара қобыздың иесі, бақсы Ожан атаның ұрпағы.  

Ерекше қасиетке ие тұлғалардың туысы киелі Қобыз ілген жерінің шығу тарихымен бөлісті.  

– Қарағай елінің тағы да қасиетті жерлерінің бірі – «Қобыз ілген». Бұрынғы кезде халық бақсыларды сынағанда қобыздарын шынжырлаған. Бір қызығы, шынжырды қобыздың өзі шешу керек болған. Сондай жағдай менің атамның басына да туған.  Бірде атам осы Қорт, қазіргі Мерғалым ауылына сабан тойға барған. Сол жерде ат жарыстырып, бәйге болып жатады, – дейді Құралай Саханқызы.

Оның айтуынша, байдың балалары атасына күліп, «Әй, Ожан, астыңда атың жоқ, ана бәйгеге қобызыңды салуға келдің бе?» деп келемеждеген. Сол сәтте атасы «Несі бар, қобызды бәйгеге салсам салам, қобызды қарағайдың басына байлаңдар» деп қарағайдың басына шынжырлап байлаған.

Биік қарағайға қобызды шынжырлап байлаған кезде желдің ырғағымен қобыздың үні шыға бастайды. Сол мезетте белгісіз күш қарағайды шайқап-шайқап тамырымен жұлып алған. 

– Осылайша бәйгеге шапқан қобыз бірінші жеткен. Сол жерде бақсыға күлген халық Ожан атамның қасиетін мойындаған. Бәйгеден бірінші келген қобыздың шынжырын шешіп, атам қобызын қолына алған екен. Сөйтіп бәйгені атам алып кеткен екен, – деп еске алады Құралай Саханқызы.

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданының Шалдай ауылында дүниеге келген белгілі мүсінші, шыны шебері Шолпан Садуова Қобыз ілген деген жерген қобыздың ескерткішін орнатқысы келгенін айтқан болатын.