Павлодарда сотталғандар зағип жандарға дойбы мен шахмат жасады

Павлодарда сотталғандар зағип жандарға дойбы мен шахмат жасады

Ең жоғары қауіпсіздік №46 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар жасаған заттар зағип және нашар көретіндерге арналған мамандандырылған кітапхана қызметкерлеріне тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кітапхана қызметкерлері Халықаралық кітап беру күніне орай сотталғандарға 50-ден астам кітап сыйлады.  

– Мамандандырылған кітапхана қызметкерлері дойбы мен шахмат жасауды сұрады. Бұрын оларға осындай бұйымдарды әкелген едік, алайда кітапханада оқырмандары көп болған соң барлығына шахмат жетпеді. Біз бұл туралы отряд бастықтарына  айтқан едік, олар бұл өтініштерді сотталғандарға жеткізді.  Дойбылар мен шахматтар зағип жандар ажырата алатындай етіп жасалған. Көзі көрмейтін кішкентай павлодарлықтар үшін Брайль әліпбиі әкелінді. Колонияның кітапхана қорына сыйлық ретінде 50-ден астам кітап алдық, – деді мекеме қызметкері Данияр Касимов.

Колония қызметкерлерінің айтуынша, бұл – алғашқы достық кездесу емес. Бұған дейін тұтқындар  зағип жандар үшін шахмат, дойбы, грифельдер, Брайль әліпбиі мен Павлодар облысының картасын жасаған.