Баянауылда ауызсудың сапасын ғалымдар зерттейді

Баянауылда ауызсудың сапасын ғалымдар зерттейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аудан тұрғындарының ауызсу үшін қарызы сегіз миллион теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңатілек ауылының тұрғыны ауызсудың сапасына шағымданды. Оның сөзінше, су тұзды, құбырларда ақаулар көп. Сондай-ақ, ескі кеңестік артезиан ұңғымаларын қайта жаңғырту немесе жаңа су құбырына сүзгі орнатуды сұрайды.

Облыс әкімі облыстық энергетика және ТКШ басқармасына аталмыш ауылда айына үш рет су алып, сүзгіні орнатудың орындылығын бағалайтын ғалымдар мен инженерлерді шақырып, суды мұқият зерттеуді тапсырды. Егер сараптама оң нәтиже көрсетсе, қаражат қарастырылатын болады. 

Алайда Жаңатілек ауылында басқа да мәселе бар. Сауал қойған ер адамның айтуынша, операторлар қатарынан 4-5 ай бойы жалақы алмай жүр. Бұл ретте аудан әкімі Ардақ Кісентаев аталған жағдайға қатысты анықтама берді. 

– Бүгінгі күні аудан бойынша халықтан сегіз миллиард теңге қарыз бар. Судың тарифін 500 теңгеден 285 теңгеге түсірдік. Әр ауылдан жиналатын қаражат 200-250 теңгенің көлемінде. Үш операторға 360 мың теңге жалақы төленеді. Одан бөлек, 450 мың теңге жарыққа төленеді. Үкімет тарапынан қаражат бөліп, төлеп жатырмыз. 3-4 ай деген ол жалған. Бүгінгі күні 11  миллион теңге еңбекақы бойынша 58 адамға қарызбыз. Оны 25 желтоқсанға дейін толықтай төлеп, жабамыз. Қаражат қарастырылған, – деді Ардақ Кісентаев

Асайын Байханов ауыл тұрғындарына мемлекет халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін орасан зор қаражат жұмсайтынын еске салды. Бұл бюджетке ауыртпалық түсіреді, мемлекет одан ешқандай қаржылық пайда көрмейді.

– Кейбір үлкен ауылдар бар 3-4 мың халқы бар. Соның өзі шығыны көп, пайдасы аз. Сондықтан халыққа тарифті 500 теңгеден жеңілдету үшін  субсидия енгіздік. Бірақ қарыз деген болмау керек, – деді облыс әкімі. 

Еске сала кетейік, Баянауыл ауданындағы бір ауылға Жаяу Мұсаның есімін беру ұсынылды.