Павлодар облысында алты тұрғынды кене шағып алды
Былтыр 98 адамды кене шақты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, көктем келгелі сәуір айынан бастап алты тұрғын кененің шағуына байланысты ауруханаға жүгінген болатын. Эпидемиологтардың сөзінше, кене шаққан адамдар дәрігерге қаралуға асықпай, өзін-өзі емдеумен айналысады.
– Павлодар облысы кене энцефалитімен сырқаттанушылық бойынша эндемикалық аймаққа жатпайды. Яғни біздің табиғи-климаттық аймақта адамға вирустық энцефалит жұқтыру қабілетті кененің түрі жоқ,– деді департаментте.
Қазақстанда СҚО, ШҚО, Алматы, Ақмола облыстары – эндемикалық аймақтар болып табылады.
– Кенелер бірқатар жұқпалы аурулардың қоздырғышы болып табылады. Атап айтқанда, кененің шағуы дене қызуы мен улану сияқты көріністерімен сипатталатын кене бөртпе сүзегі деген ауруларға әкелуі мүмкін,– деді эпидемиологтар.
Департаментте тұрғындардан орманға, саябаққа, демалыс орындарға шыққан кезде репеллент қолдануды ұсынып, аяқ-қолды жабатын киім және бас киім киюге кеңес береді. Орманды жерден шыққаннан кейін киімдердің үстінде, денеде кененің бар-жоғына тексеріп беру үшін басқа адамнан көмек сұрауға болады. Кене шағуын анықтаған тұрғындар міндетті және шұғыл түрде ауруханаға жүгіну қажет.