Павлодарлық оқушылар республикалық олимпиадада жүлделі болды

Павлодарлық оқушылар республикалық олимпиадада жүлделі болды
Константин Шелковтің иллюстрациялық фотосы

Білім додасында аймақ намысын оннан астам оқушы қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Павлодар қаласы №36 жалпы орта білім беру мектебінде 5-6-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадасын өткізді.

- Олимпиада келесі 8 пән бойынша яғни математика, жаратылыстану, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытылатын сыныптардағы қазақ тілі, қазақ тілінде оқытылатын сыныптардағы орыс тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихы бойынша өтті. Павлодар облысынан республикалық олимпиадаға облыстық кезеңде бірінші орын алған 12 оқушы бағын сынады, - делінген хабарламада. 

Білім бәйгесінде екі оқушы жүлделі екінші орынға ие болды. Олар Қазақстан тарихы пәнінен Павлодар қаласы №38 негізгі жалпы білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Жігер Хайратұлы мен ағылшын тілінен бақ сынаған Павлодар қаласы №11 жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы Арам Степанян болды.

Сонымен қатар, 3 оқушы 3-орынды еншіледі. Олар - Павлодар қаласы №41 жалпы орта білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Виктория Соколова орыс тілі мен әдебиет пәнінен және Павлодар қаласы Ш.Шөкин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы София Жукова, дарынды балаларға арналған №8 лицей мектебінің 6-сынып оқушысы Саида Хамитова қазақ тілінде оқытатын мектептегі орыс тілі пәнінен үздіктер қатарынан көрінді.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен Аружан Салих, Сұлтан Марзалыев, Қ.Сәтбаев атындағы мамандандырылған гимназиясының 5,6-сынып және Арайлым Айтмұхамбет, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясының 6-сынып оқушылары марапатталды.