Павлодар облысында Алғыс айту күні қандай шаралар өтеді

Павлодар облысында Алғыс айту күні қандай шаралар өтеді
Фото:inbusiness.kz

Мереке күніне орай облыста 50-ге жуық шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шаралар қаланың барлық ұйымдарында, оқу орындары мен аудан әкімдіктерінде өтеді.

1 наурыз сағат 11:00-де қарттар үйінде  «Шаңырақ» орталығы мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Анама алғыс, әкеме алғыс, бүкіл халыққа алғыс» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Сағат 16:00-де «Эльбрус» карачай-черкес және кабардин-балкар ұлттық-мәдени  орталығының  шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Алғыс айту - парызым!» концерттік бағдарламасы өтеді.

Сағат 15:00- де жастар бастамаларын дамыту орталығында «Skills map» біздің арамыздағы қаһармардар» атты  «жанды» кітапхана  ұйымдастырылады.

Сағат 18:30-да  Ж . Аймаутов атындағы қазақ музыка- драма театрында Е. Телеубайдың «Кербез келіндер» атты комедиялық қойлымы өтеді. 

Сонымен қатар, мереке күні қалалар мен аудандарда «Батырлар біздің арамызда» атты алғыс білдіру челленджі өтеді. Челленджге барлық азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ 27 ақпаннан бастап 1 наурызға дейін облыстың жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Алғыс айту күнінің тарихы мен философиясы» атты этникалық тарих сабақтары өткізіледі.

Еске салайық, ҚХА-ның ХХІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев жыл сайын 1 наурызды барлық этностардың бір-біріне және қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып, мейірімділік танытып, туған-туысқандай қабылдаған қазақ халқына алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынды. Мерекенің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді, қайырымдылықты, қоғамдық ынтымақтастықты және өзара қолдауды насихаттау.