Баянауыл ауданында «Мәңгілік махаббат» пайда болды
Сулысор көлінде құтқарылған қос аққуға осындай есім берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылдық Бауыржан Жақыпов Сулысор көлінде мұз құрсауында қалған екі аққуды ажалдан арашалап, әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Мейірімділікке толы бұл оқиға желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Бүгінде кейіпкеріміз өзі қамқорлыққа алған жаңа достарына қалай күтім жасап жатқаны туралы бейнежазбалармен тұрақты бөлісіп келеді.
Құстарды құтқарғаннан кейін Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен ветеринария бөлімінің қызметкерлері аққуларды арнайы тексерді. Мамандардың айтуынша, қанаттылардың жағдайы жақсы, оларға барлық қажетті жағдай жасалған. Алдағы уақытта Бауыржан аққуларды қалалық мамандарға да көрсетіп, толық медициналық тексеруден өткізуді жоспарлап отыр.
Бауыржан ерекше қамқорлыққа алған аққуларына Мәңгілік және Махаббат деген есім берді. Ендігі мақсат – қыс бойы құстарды аялап бағып, көктем шыға салысымен қос аққуды туған мекені Сулысор көліне қайта жіберу.
Посмотреть эту публикацию в Instagram