Павлодарда «Әйдидай» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асырылды

Павлодарда «Әйдидай» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асырылды
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Оның аясында 40 қатысушы жаңа мамандықтарды игерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әйдидай» жобасы «Жігер» орталығының бастамасымен қолға алынып, әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын әйелдерге көмектесуге бағытталды.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатысушылар екі ай ішінде курстарға тегін қатысып, шығармашылық дағдыларын дамыту мүмкіндігіне де ие болды. 

Жоба төрт бағыттан тұрды: кондитерлік іс, тігу шеберлігі, гипстен декоративті және ұлттық әшекейлер жасау. Азаматшалар қандай да бір заттарды жасамас бұрын шикізат көлемін есептеу, дайын өнімдерді дұрыс бағалауға да үйренді. Шығыс пен кірістерді есептеу бойынша тәжірибе жинақтады. 

Бұдан бөлек, мобилография негіздерін игеріп, жасаған заттарын әлеуметтік желілерде саудалау жағы реттелді. 

Жоба қатысушыларының қатарындағы көпбалалы ана Айнагүл Жұмағұловаға ісмерлік курстары ұнады.

– Курста дағдыларды дамытумен шектелмей, қатысушылармен пікір алмастық. Әр сабағымыз танымды, қызықты өтті. 12 сабақ ішінде кеудеше, сөмке, тақия тіктік, – дейді жоба қатысушысы. 

Жобаға арналған салтанатты жиында әйелдер әзірлеген заттардың көрмесі ұйымдастырылды. Оларға әр бағыт бойынша сертификаттар табысталды.