Павлодарда араларынан қыл өтпес достық сахналанды

Павлодарда араларынан қыл өтпес достық сахналанды
Фото: Есенжол Исабек

«Бір досың керек екен» комедиясының тұсауы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы биылғы 36-шы маусымда көрермендеріне достық тақырыбын арқау еткен қойылымның премьерасын ұсынды.

Спектакль белгілі театр режиссері, драматург, сценарист Георгий Хугаевтің «Бір досым керек екен» пьесасы желісі бойынша дайындалған.

Қойылым көршілес жандардың арасындағы нағыз шын достық жайлы сыр шертеді.

–   Спектакльде жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос әрі көршілер Андро мен Сандро туралы баяндалады, – дейді қойылымның режиссері Жангелді Садық.

Театр режиссерінің айтуынша, достық тақырыбы қай уақытта болмасын өзектілігін жойған емес. Осы туынды арқылы көрермен достықтың қадірін одан әрі түсінеді деген оймен осы тақырыпты таңдаған.

Қойылымда театрдың 7 әртісі өнер көрсетті. Олар – Андро мен Сандро, Андроның әйелі – Марго, Дудар, Кошер, Бибо және Андроның қызының рөлдерін сомдайды.

Ал басты кейіпкерлердің бірі – Андроны сомдайтын театр әртісі Дәурен Әділ кішкентайынан бірге өскен кавказдық екі дос Андро мен Сандроның болмашы нәрсеге бола қайта көрместей болып ұрысып қалғанымен, бір-біріне білдірмей жақсылык жасауы дәл қазіргі кезде сиреп бара жатқанын алға тартады.

Андро мен Сандро күнделікті ұрысып қалса да, достарына адал болып, талай сынақтардан өтіп,шын махаббаттарына да қол жеткізеді.