Шалдай ауылындағы медпункт жаңартылды
Мекеменің бірінші қабаты толық жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловтың мәлімдеуінше, соңғы жылдары Шалдай ауылының тұрғындары ауылдағы фельдшерлік-амбулаториялық бөлімшенің бірінші қабатын жөндеп-жаңартып беруді сұраған.
- Бәрімізге белгілі, ауылдық медициналық пункт – бұл жай ғана денсаулық сақтау мекемесі емес. Елді мекенде ол адамға қамқорлық көрсетудің орталығына айналады. Мұнда тұрғындар тек медициналық көмекке ғана емес, сонымен қатар қолдау, көңіл бөлу мен кеңес алу үшін де келеді. Оның жағдайы мен жабдықталуы медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер етеді. Демек, тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқаты да соған байланысты, – деді аудан әкімі.
Шалдайлықтардың өтініш-тілегіне бейжай қарамаған облыстық мәслихаттың депутаты, меценат, аудан азаматы Виталий Соломкин өз қаражатына ғимараттың жөндеу жұмыстарын толық жасап берді. Осылайша, 2 наурыз күні ауыл тұрғындарына жаңартылған медпункт қолданысқа берілді.
- Жалпы, ауылдың қарт тұрғындарына барлық медициналық қызметтердің бірінші қабатта көрсетілуі ыңғайлы. Өз кезегінде ата-әжелеріміз Виталий Вячеславовичтің қайырымдылығы мен қолдауына зор ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді, - деді ол.
Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі негізгі әлеуметтік мәселелердің бірі екені сөзсіз. Адам денсаулығына қамқорлық жасау – ауылдың болашағына, оның тұрақтылығы мен дамуына қосқан зор үлесі.
Аудандық аурухананың мәлімдеуінше, бірінші қабатта орналасқан күндізгі стационардың ауданы – 30 шаршы метрді құрайды. Ал процедуралық кабинеттің ауданы – 18,5 шаршы метр.
Медициналық пунктеге стационар 5 төсек-орынға арналған. Онда жоспар бойынша жылына 240 адам, айына 20 адам ем қабылдай алады. Ал тұрғындарды жалпы практика дәрігері Ольга Марченко қабылдаса, мекеменің мейірбикесі Валерия Дудко.