Павлодар облысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды

Павлодар облысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысының әкімі жұмыс сапары барысында Железин ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов олармен экономика мен инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауылдық жерлердегі халық санын сақтау мәселелерін талқылады. Оның айтуынша, бүгінде облыстың барлық аудандары дотациялық болып қалып отыр, ал бюджет кірістерінің негізгі бөлігі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы өнеркәсіп есебінен қалыптасады. Аймақ басшысының сөзінше, барлық түсімдердің 94 пайыздан астамы осы үш қалаға тиесілі.

– Бүгінде Железин ауданы меншікті кірістер көлемі бойынша аудандар арасында көшбасшылардың бірі саналады – шамамен 2,3 миллиард теңге. Салыстыратын болсақ, жолдарды, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы қоса алғанда, ауданның жыл сайынғы шығындары шамамен 16 миллиард теңгені құрайды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу барысында ресми жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы жалақы деңгейі мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Асайын Байханов жеке табыс салығы ауылдық округтерде қалатынын, сондықтан жалақыны заңды түрде төлеу ауылдардың дамуына тікелей әсер ететінін айтты.

– Бұл қаражат адамдар еңбек ететін жерде қалады. Бұл – нақты ауылдық округтің табысы, инфрақұрылымды ұстап тұруға және жергілікті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі өңірлік билік аграршылардың алдына жалақыны күрт арттыру міндетін қоймайтынын, алайда еңбекақыны кезең-кезеңімен өсіруді және қызметкерлер табысын ашық рәсімдеуді күтетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ерте қаржыландыру, жеңілдетілген жанар-жағармай және субсидиялау тетіктері арқылы қолдауды жалғастырып жатқанын еске салды.

Сапар барысында демографиялық жағдай да талқыланды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Железин ауданының халқы 106 адамға азайған. Өңір басшысының айтуынша, тұрғындар санын сақтау үшін инфрақұрылымды дамытуды, жолдарды жөндеуді, мектептер мен медициналық нысандар салуды жалғастыру қажет.

– Егер ауылда мектеп болмаса, ауылдың өзі де болмайды. Сондықтан біз ауылдық аумақтарды дамытуға қаржы бөлуді жалғастырамыз, – деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы сондай-ақ аудан өміріне бизнестің белсенді қатысуы қажеттігіне назар аударды. Ол оң мысал ретінде Шарбақты ауданындағы фермерлердің тәжірибесін келтіріп, онда ауыл шаруашылығы өндірушілері абаттандыру жұмыстарына және жергілікті мәселелерді шешуге бірлесіп атсалысып жатқанын айтты.

Кездесу соңында облыс әкімі ауылдық аумақтарды дамыту мемлекет, бизнес және тұрғындардың бірлескен жұмысы арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.