Павлодарда жедел жәрдем көлігінде қыз бала дүниеге келді
Әйелдің ай-күні жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта босанған әйел мен нәрестенің жағдайы жақсы.
– 26 мамыр күні Ақсу қаласының маңындағы Береке ауылынан жедел жәрдем пультіне шұғыл шақырту келіп түсті. Хабарласушылар 35 жастағы жүкті әйелдің толғағы жиілеп кеткенін айтқан. Медициналық бригада жолда келе жатқанда, диспетчер телефон байланысын үзбей, босанушының жанындағы адамдарға алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқау беріп отырған, - делінген хабарламада.
Шақыртудан кейін 10 минут ішінде 103 қызметкерлері оқиға орнына жетті. Әйелді Ақсу қалалық ауруханасының перзентхана бөліміне жеткізу туралы шешім қабылданып, медициналық мекемеге алдын ала хабар берілген. Алайда босандыруды жол үстінде қабылдауға тура келген. Дүниеге салмағы 3,5 келі, бойы 52 сантиметр болатын мерзімінде туған қыз бала келді. Медицина қызметкерлері жылу тізбегін сақтап, босанған әйел мен жаңа туған нәрестені тұрақты жағдайда мамандардың бақылауына тапсырды.
– Босандыруды қабылдау және өзге де шұғыл медициналық көмек көрсету Павлодар облыстық 103 қызметінің кез келген медицина қызметкерінің қолынан келеді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.
Ол үшін станция базасында халықаралық стандарттарға сәйкес, сертификатталған тренерлер мен ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандарын тарта отырып, тұрақты түрде оқыту курстары өткізіледі. Бұл курстардан жедел жәрдем қызметінің барлық қызметкерлері – дәрігерлер де, фельдшерлер де өтеді.
Еске сала кетейік, 23 мамырда 103 қызметкерлерінің көмегіне 42 жастағы әйел жүгінген. Ол ішінің қатты ауырғанына шағымданған. Кейін белгілі болғандай, емделуші жүктілік бойынша есепте тұрмаған.
Шақырту қабылданғаннан кейін 9 минуттан соң дәрігерлер айтылған мекенжайға жетті. Сол сәтте әйелдің қағанақ суы кетіп үлгерген. Босандыру процесін тікелей пәтерде жүргізуге тура келген. Дүниеге салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметр ұл бала келді.