Павлодар облысында ерлер «бедеулік» диагнозымен есепке тұрмаған

Қазақстанда соңғы бірнеше жылда «бедеулік» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған азаматтар саны үш еседей өскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұндай ақпаратты Finprom.kz сарапшылары ұсынды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 2019 жылы мұндай науқастар 10 мыңға жуық болса, өткен жылдың ортасына қарай 29,2 мыңға жеткен. Оның негізгі бөлігін (29,1 мың) әйелдер құрады. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдың маусым айында Қазақстанда бедеулік бойынша есепте барлығы 102 ер адам болған. Бұл мәліметтер қазақстандық қоғамдық даму институтының мамандары дайындаған «Қазақстандық отбасылар-2024» баяндамасында келтірілген.
– Аймақтар бойынша есепте тұрған ер адамдар біркелкі бөлінбеген және халықтың ерлер бөлігіндегі репродуктивті денсаулықтың объективті көрсеткіші бола алмайды. Мәселен, Жамбыл облысында 39 ер адам есепте тұрса, халық саны екі есеге жуық Түркістан облысында барлығы үш ер адам есепте тұр. Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Павлодар облыстары сияқты бірқатар өңірлерде, сондай-ақ Астанада «бедеулік» диагнозымен есепте тұрған ерлер саны туралы деректер мүлдем жоқ, – дейді сарапшылар.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының баяндамасының авторлары бедеулік диагнозымен есепке алынған әйелдер санының күрт өсуінің тағы бір ықтимал себебін көрсетеді. Атап айтқанда, статистикаға пандемия кезінде медициналық диагностикаға қол жетімділіктің шектеулері әсер еткен. Ал локдаундар аяқталғаннан кейін бұл мәселені кейінге қалдырғандар тексеруден өткен.
Аймақтар бойынша жағдай айтарлықтай ерекшеленеді. Мегаполистер мен халқы көп облыстарда есепке алу жағдайлары көбірек тіркелді, бұл диагноздан өткендердің көбірек санын көрсетуі мүмкін. Бұл тізімде Алматы көш бастап тұр — өткен жылдың ортасына қарай «бедеулік» диагнозымен есепте 4,2 мың пациент тұрған. Екінші орында 2,6 мың адам көрсеткішімен Астана, үшінші орында Жамбыл облысы тұр. Бұл аймақтарда репродуктивті проблемалармен диспансерлік есепте 2,5 мың қазақстандық тіркелген.