Павлодар облысында автокөлік кюветке аударылып, ер адам көз жұмды
Жол апаты Майқайың - Баянауыл тас жолында орын алды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 маусымға қараған түні жеңіл көлік кюветке ұшып кеткен.
– Өкінішке орай, зардап шеккендердің бірі – 31 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Екінші 32 жастағы ер адам Майқайың ауылдық учаскелік ауруханасына жеткізілді, – дейді станция бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.
Айта кетерлігі, демалыс күндері облыс тас жолдарында бұдан бөлек екі ірі жол апаты орын алды. Павлодар - Семей тас жолында жол-көлік оқиғасында 31, 34 және 69 жастағы үш адамға көмек қажет болды. Алғашқы екеуі № 1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді, зейнеткер ауруханаға жатқызудан бас тартты. Аққулы ауданында 2007 және 2008 жылы туған екі жасөспірім мотоциклден құлап, зардап шекті.