Павлодар облысында жасөспірім мектепте бұрыш спрейін шашқан
Мектеп ішіндегі дәретханада шашылған спрейдің салдарынан адамдар эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, 16 ақпанда Ақсу қаласының полициясына Қалқаман кентінің мектебінде, санитарлық бөлмеде белгісіз біреудің бұрыш спрейін шашқаны туралы шақыру келіп түсті.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Мектеп ғимаратынан 310 адам, оның ішінде 291 оқушы эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.
- Бейнебақылау камераларын тексеру нәтижесінде осы мектептің 9-сынып оқушысы анықталды, - деді департаментте.
Осы факті бойынша кәмелетке толмағанның заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал қолданыстағы заңнама шеңберінде шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.
Фото: облыстық ПД