Павлодар облысында балық бағасы өсті
Балық пен теңіз өнімдерінің бағасы 2023 жылғы шілдеде бір айда 0,4%, бір жылда бірден 18,7% қымбаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, бір жыл бұрын баға өсімі 18,8% болған.
– Сектордағы бағаның ең жоғары өсімі Ұлытау облысында байқалды: бір жылда бірден – 37,4%. Одан кейін Маңғыстау және Павлодар облыстарында: әрқайсысында – 28,1%. Бағаның ең аз өсімі Батыс Қазақстан (8,1%) және Солтүстік Қазақстан (12%) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (12,7%) байқалды, – деп жазылған хабарламада.
Елімізде балық пен теңіз өнімдері өндірісі артты 2023 жылғы қаңтар-шілдеде жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балық өндірісі 27,3 мың тоннаны құрады. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,1% артық.
Дайындалған немесе консервіленген балық, сондай-ақ уылдырық және оның алмастырғыштар өндірісі биыл қаңтар-шілдеде 7,8 мың тоннаны құрап, былтырғымен салыстырғанда бірден 37,7% өсті.
Қазақстанда 2023 жылдың бірінші тоқсанында балық пен теңіз өнімдерін тұтыну орташа есеппен жан басына шаққанда 3,4 келіні құрады. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,3% төмендеді.
Жаңа ауланған немесе мұздатылған балық пен теңіз өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті: бір жыл бұрын баға 12,2% өссе, биыл келісі 20,7% қымбаттаған.
Шілде айының қорытындысы бойынша, өңделген және консервіленген балық бір жылда 16,2% қымбаттаса, бір жыл бұрын бірден 25,5% өскен.
ҚР өңірлері арасында балық пен теңіз өнімдерін тұтыну айтарлықтай өзгерді. Ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында тіркелді: бір адамға орта есеппен 4,8 келіден келеді. Одан кейін Атырау (4,5 келі), Солтүстік Қазақстан (4,4 келі) және Батыс Қазақстан (4,4 келі) облыстары келеді. Бұл ретте Шымкентте тұтыну бір тұрғынға небәрі 1,5 келіні құрады. Маңғыстау (2,4 келі), Ұлытау (2,9 келі) және Ақтөбе (2,9 келі) облыстарында да көрсеткіш аз.