Павлодар облысы экономикасына салынған инвестиция көлемі артты
Капитал салымдарының басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде 2023 жылғы тоғыз айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің атқарылуы қорытындыланды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың айтуынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 101,6% құрады.
– Барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика Екібастұз қаласы, Ақтоғай, Ертіс, Аққулы, Май, Шарбақты және Павлодар аудандарында тіркелген, – деді басқарма басшысы.
Қалған аймақтарда тек бес көрсеткіш бойынша оң дәрежеде болып отыр. Ал Павлодар, Ақсу қалалары мен Баянауыл ауданында өнеркәсіп саласында теріс динамика байқалады. Сондай-ақ Железин, Тереңкөл және Успен аудандарында ауыл шаруашылығы бойынша өткен жылдың деңгейіне жете алмаған.
Ирина Назарчуктың сөзінше, аймақ экономикасына 635 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл былтырғыға қарағанда 1,4 есеге жоғары. Капитал салымдарының басым бөлігі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Ал агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін шығару 8,6%-ға төмендеді. Дәнді дақылдар өнімділігінің айтарлықтай төмендеуі жалпы өсімдік шаруашылығының динамикасына теріс әсер етті.
– Бұл ретте мал шаруашылығында 7,2%-ға өсім байқалады. Ет өндірісі 12,1%-ға, сүт өндірісі 4,4%-ға өсті. Жұмыртқа шығару көлемі 2,7% - ға төмендеді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Оның сөзінше, өңірдің ішкі сауда көлемі 2,5%-ға ұлғайды. Бөлшек сауда айналымы 428,2 миллиард теңгені құрады, бұл – өткен жылғы деңгейден 3,6% -ға жоғары.
Бұдан бөлек, көлік саласында қызмет көрсету көлемінің 1,3 есеге ұлғаюы байқалады. Көлік секторы қызметінің негізгі түрлерінің даму қарқыны бойынша ағымдағы жағдай тұрақты. Байланыс қызметтерін ұсыну саласының 9,7%-ға өсуі байқалады. Бұл салада да тежегіш факторлар байқалмайды.
– Жылдың соңына дейін екі ай қалды. Негізгі салалар бойынша макро көрсеткіштерді қайта қарау қажет. Экономиканың өсу қарқыны бойынша барлық ықтимал тәуекелдерді есептеу керек және барлық шығындар басқа салалар есебінен өтелуі тиіс, – деп тапсырды облыс әкімі Асайын Байханов.
Ирина Назарчук барлық көрсеткіштерді бақылауда екенін жеткізді.