Екібастұз және Ақсуда «Жайлау» фермерлер базары қашан салынады?
Бүгінде екі қалада да жер телімдері таңдалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста фермерлік базарлардың құрылысы жайлы сұрады.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, 31 шағын ауданда тиісті жер телімі бөлінген. «АРТПРОЕКТ ПЛЮС» ұйымымен келісімшартқа отырып, жобаны дайындау бойынша жұмыс басталған. Желтоқсан айының екінші онкүндігінде сараптама беріледі. Жобаны келесі жылы жүзеге асыру үшін қаржыландыру бойынша жұмыс атқарылады.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов фермерлік базар салу мақсатында алаңы 0,3 гектар жер таңдалғанын жеткізді.
– Жер комиссиясының қорытындысы алынды. Экскизді жоба әзірленді. Әлеуметтік жобалар корпорациясы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Инвестор кәсіпкер ойын-сауық орталығы ғимаратын биылғы жылдың соңында қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы базарының жұмыстарына кіріседі, – деді Нұрлан Дүйсенбинов.
Сонымен қатар Асайын Байханов Павлодар қаласында «Жайлау» базары бойынша ет сатушылардың жұмысына қатысты бірнеше шағым түскенін атап өтті.
– Мысалы, Май ауданындағы фермерлер базарын алатын болсақ, шаруалар әкелген етті сол жерде тікелей өз бағасына сатады. Ал басқа жерге апарса, арзанға кетіп қалатын еді, – дейді облыс әкімі.
«Павлодар» ӘКК» АҚ директоры Тимур Жантеміровтің сөзінше, ет өнімдерін сату алаңдарын ұлғайтуға қатысы сметалық есеп әзірленген. Ет сататын сауда орындарын 29-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Барлық құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.
Жиынды қорытындылаған Асайын Байханов әлеуметтік бағалардың өсуіне жол бермеуді, әр сенбі сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді тапсырды.