Павлодар облысында білім саласының қаражатын қадағалайтын бірыңғай жүйе іске қосылды
Пилоттық жоба жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында білім беру саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол білім беру саласында миллиардтаған теңгені жымқыру себептерін жою мақсатында бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және ұсыну процесін автоматтандыруды көздейді.
Бірыңғай ақпараттық жүйеде барлық мектептер қаржы шығындары туралы мәліметтерді енгізеді. Бұл бухгалтерлердің ашық жұмысын дәлелдейтін болады.
Ақпараттық жүйені тестілеу нәтижесі оң болған жағдайда жоба бүкіл ел бойынша іске қосылатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты бес қылмыстық схеманы анықтады:
- қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;
- жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;
- қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;
- бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған;
- жұмыс істемеген адамдардың - туыстары мен жақындарына ақша аударған.
Өткен жылдың басынан бері білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен барлығы 192 қылмыстық іс тіркелді. Олар бойынша залал 13 млрд теңгеден асты.