Павлодарлық мәдениет саласының ардагеріне құрмет көрсетілді
Мәдениет саласының ардагері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ермұрат Тілегенов 70 жасқа толды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Мерейлі жас иесіне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханның құттықтау хаты табысталып, иығына шапан жабылды. Құттықтауды Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан табыс етті.
– Ермұрат Нықатұлы өмірінің көп бөлігін өңір мәдениетіне арнады. Әсіресе, он жыл көлемінде облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығына басшылық еткен кездерін ерекше атап өткен жөн. Осы жылдар аралығында іргелі мәдениет мекемесі айтарлықтай табыстарға кенелді. Қазіргі уақытта Ермұрат Нықатұлы Торайғыров университетінде студенттерге дәріс беріп, жұмыс атқаруда, жылдар бойы жинаған баға жетпес мол тәжірибесін жас буынның бойына сіңіріп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда, – дейді басқармада.
Ермұрат Тілегенов 1953 жылдың 5 - мамырында Павлодар облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Краснокутск) дүниеге келген. 1977 жылы Ермак мәдени-ағарту училищесін тамамдап, клуб қызметкері, көркемөнерпаздық хор ұжымының жетекшісі мамандығын алған. 1994 жылы Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетін мәдени-ағарту жұмысы және көркемөнерпаздар шығармашылығын ұйымдастыру мамандығы бойынша бітіреді. Квалификациясы: мәдени-тәрбие беру жұмысының педагог-ұйымдастырушысы.
Еңбек жолын 1975 жылы бастаған. Кеңес армиясы қатарында әскери міндетін атқарған. 1978 жылы – Краснокутск ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы) Мәдениет үйінің директоры, 1987 жылы – Тереңкөл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1999 жылы – Тереңкөл аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі, 2002 жылы қазақ ұлттық «Шаңырақ» мәдени орталығының директоры қызметіне тағайындалды.
2003 жылы 3 желтоқсанда Павлодар облыстық мәдениет басқармасының облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығы ның директоры болып тағайындалды.
2013 жылдың 03 – желтоқсанында Павлодар облысы, Ленин кентіндегі Жаяу Мұса атындағы Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалды.
2014 жылдан 2015 жылдың 14 тамызына дейін облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығы басшысының міндетін атқарушы, 2015-2017 ж.ж. «Шаңырақ» ОХШ мен МСҚ орталығының басшысы болған.
Ермұрат Нықатұлы облыстың шығармашылық ұжымдарын қолдау, қазақи салт-дәстүр мен ұлттық жәдігерлерді сақтау, насихаттау бағытында үлкен еңбек атқарды. «Наурыз аруы», «Тазша бала», «Жігіт сұлтаны», «Шаңырақ сыны» тәрізді байқаулар, түрлі фестивальдер, «Ертіс толқыны» атты аймақтық хореографиялық ұжымдардың байқауы тәрізді көптеген сайыстар ұйымдастырды. Әсіресе өңірдегі айтыс өнерін қанаттандырып, тұрақты түрде өткізіліп тұруына тікелей мұрындық болды.
Көпжылдық жемісті еңбегі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» үздік белгісімен, Астана қаласының 10 жылдық мерекесіне орай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың медалімен, ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен және басқа да көптеген дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Ермұрат Нықатұлы көптеген әндердің авторы. Оның «Қазақстан», «Мәңгілік алау», «Анашым», «Туған жер», «Әке ақылы», «Келешегім», «Ақтоғай вальсі», «Әкеме», «Аялаған ағама» тәрізді көптеген әндері композиторлық қырын танытты.