Павлодар облысында ел алғысына бөленген әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

Павлодар облысында ел алғысына бөленген әлеуметтік қызметкерлер марапатталды
Фото: автор

Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күніне арналған мерекелік жиында сала үздіктері, ардагерлер мен жүрегі мейірімге толы мамандар марапатталып, олардың қоғамдағы ерен еңбегі аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күні – 2011 жылы ресми бекітілген ең жас, бірақ маңызы зор кәсіби мерекелердің бірі.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов сала мамандарын құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

– Әлеуметтік қорғау – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – үлкен абыройлы мамандық. Күн сайын сіздер тығырыққа тірелген отбасыларға көмектесіп, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалту мен күтім көрсету арқылы күрделі өмірлік жағдайларды шешуге атсалысасыздар. Олардың амандығы, толыққанды өмірге қайта оралуы және өзін қоғамымыздың ажырамас бөлігі ретінде сезінуі сіздердің күнделікті еңбектеріңізге байланысты. Сіздер – үміт сыйлап, ертеңгі күнге деген сенімділік ұялататын жандарсыздар, – деді өңір басшысының бірінші орынбасары.

Көп жылғы адал еңбегі, халықты әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін бірқатар сала майталмандары жоғары марапаттарға ие болды. «Еңбек ардагері» медалімен – Баянауыл ауданының үйде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Әлимаш Тағабаева, «Салаға қосқан үлесі» медалімен – Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Қарлығаш Жүсіпова, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мухамедова марапатталды.

Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. 

– 1998 жылдан 2021 жылға дейін әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біз жұмыс істеген жылдары су, көмір тасып, ауыр шаруаның бәрін атқардық. Аптасына бес адамға жаяу барып, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қарадық. Бәрімен туыс сияқты болып кеттік. Бүгін «Еңбек ардагері» медалін алып жатқаныма өте қуаныштымын. Қазір келінім Айжан да Астанада осы салада жұмыс істейді, оған да өз тәжірибемді айтып, бағыт беріп отырамын, – дейді ардагер Азимаш Тағабаева

Ал облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған Тереңкөл ауданы халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Лариса Свинцованың бұл салада жүргеніне 23 жыл толған. 

– Қазіргі уақытта қарауымда бес адам бар – екі бала және жалғызбасты қарттар. Күнделікті жұмысым әртүрлі. Балалармен мектеп тапсырмаларын орындаймын. Аутизмі бар, сөйлей алмайтын баламыз бар, анасы жұмыста болғанда жанында болып, арнайы дамыту жаттығуларын жасаймыз. Ал қарттармен ауылда тұрған соң отын-көмір тасимыз, қар тазалаймыз, дүкен мен дәріханаға барып, еден жуамыз, емханаға сүйемелдейміз. Тіпті кейбір әжелеріме 2014-2016 жылдардан бері барып жүрмін, туғандай болып кеттік. 23 жыл ішінде оңай болған жоқ, бірақ қарауымдағы адамдарға жүрек жылуымды бөлісу – мен үшін үлкен мәртебе, – деді ол.

Мереке қарсаңында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы үш номинация бойынша кәсіби конкурс ұйымдастырды. Жалпы арнайы додаға 27 үміткер қатысып, бақ сынасты.

«Үздік әлеуметтік жоба» –  «Ардагерлер Life» жобасымен «Ардагерлер үйі» орталығы директорының орынбасары Дана Кенжетаева, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»  –  «Rezonans» қоғамдық қорының логопеді Мақпал Айтқожинова, «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» –  Екібастұз қалалық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Айгүл Сағындықова жеңімпаз атанып, 50 000 теңгелік сыйлық сертификаттарына ие болды. 

Сондай-ақ, мерекелік шарада демеушілер атынан қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығына материалдық-техникалық базаны жабдықтау үшін 500 мың теңге сомасына арнайы сертификат тапсырылды.