Павлодар облысында 44 елді мекеннің қазақша атауы қайта оралды
2015-2023 жылдар аралығында өңірде 700-ден астам көше атауы қазақшаға өзгертілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде «Жер-су атауларының қалыптасу тарихы» облыстық форумын өткізді.
Шараның мақсаты –тарихи жер-су атауларын нақты тарихи деректер негізінде зерделеп, өңіріміздегі идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендердің тарихи атауларын анықтау. Осы атаулардың маңыздылығын халық арасында насихаттау.
– Мамандармен бірге тарихтан іздестіріп, қалғанын халықтың таңдауына қарай өңірімізде талай қазақша ескі атауларын жаңғыртып жатырмыз. Былтырғы жылы 145 көше, сегіз ауыл мен алты округтің атауы қайта қазақша атаумен аталды, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Аталған іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғ.д. Қуат Сапаров, Астана қаласындағы Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғ.к.Гүлназ Төкенқызы, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғ.д. Бекен Сағындықұлы, Торайғыров университетінің профессоры, философ.ғ.к. Амантай Құдабаев сынды қаламыздың беткеұстар жоғары оқу орын ғалымдары, сондай-ақ өңіріміздің өлкетанушылары, тарих, география пәндерінің мұғалімдері, тіл жанашырлары мен қала-ауданның тіл саясатына жауапты бөлім қызметкерлері қатысты.
– Еліміз тәуелсіздік алғанына 33 жыл болды, енді ата-бабаларымыздан бері келе жатқан жер-су аттарын қайтадан қоятын сәтке жеттік. Біз түріктермен сөйлесіп, қазақтың тарихын зерттеп, ескі атауларды іздестіріп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Қуат Сапаров.
Профессордың айтуынша, ХХ ғасырдан басында қоныс аударушылардың саны артып, 1954 жылы Қазақстанның солтүстік аймақтарында тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары жүргізіле бастаған. Осы уақытта көршілес жатқан Ресей, Украина, Беларусь секілді республикалардан екі миллионнан астам хылық келіп қоныстанады. Совхоз, колхоздар құрылып, көптеген елді мекен, қоныс, өзен, көл атаулары өзгеріске ұшырап, орыс тілі арқылы қалыптасқан топонимдер жүйесі пайда болды.
Облыс аумағында орыс тілінен енген 605 топоним анықталып, облысымыз барлық топонимдердің 13,7% құрап отыр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жер-су атаулары өз тілімізде өзгертіліп, қалпына келтірілді. Көптеген ойконимдер бірнеше рет ауысқан себепті бастапқы атауын жоғалтқан. Қорыта келгенде тарихы терең Ертіс – Баянауыл өңіріндегі жер-су атаулары әртүрлі стратиграфиялық ерекшеліктерге ие болғаны анықталып, Павлодар өңірінің географиялық атаулары түркілердің, қазақ халқының кіндік кескен жері екендігі дәлелденген.
– Ендігі кезекте облыстың жинақталған географиялық атаулар қорын талдап, бұрынғы көне атауларды қалпына келтіріп, патшалы Ресей тұсындағы атаулардан арылу қажет, – деп анығын түйіндеді жер-су атауларын зерттеуші.
Шара соңында өңіріміздегі елді мекен атауларын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым мен қала, аудандардағы өлкетанушыларға басқарма басшысының Алғыс хаттары табыс етілді.