Павлодар облысында көміртегі тотығынан бес адам зардап шекті
Көміртегі тотығы – түссіз әрі иіссіз газ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жыл басынан бері көміртегі тотығынан уланудың екі жағдайы тіркеліп, бес адам зардап шекті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті ескертті.
Көміртегі тотығы түссіз әрі иіссіз газ болғандықтан онымен улану көбіне адам байқамай қалған кезде орын алады.
Құтқарушылардың мәліметінше, мұндай жағдайлар көбіне жылыту маусымында болады. Тұрғындар үйдегі жылуды сақтау үшін пештің қақпағын ерте жауып қойғанда, отын толық жанбай, көміртегі тотығы түзіледі. Газ үй-жайға таралып, әсіресе адамдар ұйықтап жатқан түнгі уақытта қауіп төндіреді.
– Уланудың тағы бір жиі кездесетін себебі – көлікті жабық гаражда жылыту. Қозғалтқышы қосылған автокөлік пайдаланылған газдарды бөлмеге таратып, қысқа уақытта адам өміріне қауіпті концентрация қалыптастыруы мүмкін, – деді департаментте.
Павлодар облысы ТЖД тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Мамандар отын толық жанғанша пештің қақпағын жаппауға, қозғалтқышы қосылған көлікті жабық гаражда қалдырмауға, үй-жайға таза ауа кіруін қамтамасыз етуге, уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.