Павлодарда хирург такси жүргізушісінің қолын сындырған

Павлодарда хирург такси жүргізушісінің қолын сындырған
Фото: жасанды интеллект

Алайда ақ желеңді өзінің кінәсін мойындаған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының № 2 сотында ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, биыл мамырда түнгі уақытта павлодарлық мас тұрғын жұбайымен бірге караоке-бардан үйіне қайту үшін такси шақырған. Ер адам такси жүргізушісіне уақытты үнемдеу мақсатында жолды қысқартуды өтінген. Алайда бұл ұсынысты елемеген жүргізуші ер адаммен сөзге келісіп қалды.

Кейіннен көліктің ішінде отырған айыпталушы жүргізушінің оң жақ бетінен екі рет ұрған. Жәбір көрген такси жүргізушісі көлікті тоқтатып, жолаушыны шығарып, жағдайды анықтамақшы болған кезде тағы бір соққы алды. Нәтижесінде оның шынтағы сынған. Алайда сотта ер адам өзінің кінәсін мойындамады. Оның сөзінше, керісінше жүргізуші оны ұрып-соғып, мұрнын сындырған. 

Сотта екі сарапшының пікірі де ескерілді. Медициналық-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, қатты затқа соғылу әсерінен оң қолы зақымданған. 

– Ер адам ҚР ҚК-нің 107-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 300 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындалды, – деді Павлодар қаласының № 2 сотының үкімінде. 

Сондай-ақ, айыпталушы зардап шеккен такси жүргізушісіне 50 мың теңге мөлшерінде моральдік зиян өндіру тиіс.