Павлодар облысында хас сұлулар сынға түсті

Павлодар облысында хас сұлулар сынға түсті

Аймақта "Ертіс аруы" байқауы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

"Шаңырақ" халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығы басшысының орынбасары Айбек Оралхан биылғы додада 18 қатысушы бақ сынағанын айтты.

- Қыздар алдымен аудандар мен қалаларда іріктеуден өтті. Содан кейін облыс орталығындағы үлкен кастингке қатысты. Іріктеуден өткендер финалға жолдама алды. Қатысушылар бүгінгі додаға бір ай бойы дайындалды, - деді Айбек Оралхан.

"Ертіс аруы" атағына үміткерлер шығармашылық кезеңде өз өнерлерін көрсетіп, Наурыз мерекесінің тарихы, халықтық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бойынша сұрақтарға жауап берді.

Шығармашылық байқауда олар ұлттық музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, ән айтты, шығармаларды мәнерлеп оқып, шағын театрландырылған көріністерді сахналады. Арулар жеке және өзге де қатысушылармен бірге өнер көрсетті.

Көрермендер арасында былтырға байқауға қатысушылар және "Ертіс аруы-2022" атанған Данна Тайтуленова болды. Ол "Ертіс аруы" тәжін биылғы жеңімпазға салтанатты түрде табыс етті. 18 арудың арасынан дараланып, тәжге қол жеткізген ару - Ақсу ауылдық аймағының Қызылжар ауылынан келген, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің 19 жастағы студенті Айымгүл Кенжетаева болды. Бірінші орынды павлодарлық Ақсұңқар Шәкей, екінші орынды Ертіс ауданынан Ақжарқын Момын, үшінші орынды Май ауданынан Гауһар Әбдірашит иеленді.

Айта кетелік, "Шаңырақ" орталығы биыл Ақсу қаласында қазақ халық композиторы, ақын Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына орай "Жігіт сұлтаны" байқауын өткізуді жоспарлап отыр.

Фото: Константин Шелков.