Ertis Promenade-тегі мерекелік концерттің хедлайнері жарияланды

Ertis Promenade-тегі мерекелік концерттің хедлайнері жарияланды
Фото: Ольга Бугаева

25 қазанда Павлодарда Республика күніне орай ауқымды мерекелік концерт өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биылғы мерекенің басты қонағы – қазақстандық танымал әнші Тұрар. Ол Ertis Promenade сахнасында өнер көрсетеді.

Тұрар – заманауи қазақ эстрадасының жарқын өкілдерінің бірі. Жас орындаушы тыңдарман жүрегін өзіндік музыкалық стилімен, ерекше дауысымен және лирикалық туындыларымен жаулап алған. Оның шығармашылығы әсіресе жастар арасында кеңінен танымал. Әнші заманауи музыкалық бағыттарды ұлттық әуенмен ұштастырып, қазақ тіліндегі әндердің танымал болуына үлес қосып келеді.

Павлодарлықтар мен қала қонақтары Республика күніне арналған концертте өнерпаздың жанды дауыстағы орындауын тамашалай алады.

Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғамысованың айтуынша, биыл мерекеге орай қалада 30-дан астам мәдени іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.

– Павлодар қаласындағы басты мерекелік концерт 25 қазанда сағат 12:00-де Ертіс Promenade сахнасында өтеді. Арнайы шақырылған қонағымыз – Тұрар. Сонымен қатар мереке күндері қаланың ауылдық аймақтарында түрлі тақырыптық жобалар, танымдық бастамалар мен тұрғындардың мәдени демалысына арналған іс-шаралар жүзеге асырылады. Олардың басты мақсаты – елдің рухын көтеріп, тәуелсіздікті басты құндылық ретінде дәріптеу, – деді Айгүл Нұрғамысова.

Мерекелік бағдарлама 25 қазанда сағат 11:00-де Мемлекеттік рәміздер аллеясында Ту көтеру рәсімінен басталады. Ал сағат 12:00-де Ертіс жағалауындағы Ertis Promenade сахнасында басты концерт өтеді. Ауқымды мерекелік қойылымның режиссері – танымал Алтынбек Рахметов.

Концерттен бөлек, жағалауда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған түрлі мәдени және танымдық алаңдар жұмыс істейді. Атап айтқанда, қолөнер бұйымдарының көрмесі, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған тазы иттерінің көрмесі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл алаң әсіресе кішкентай көрермендер үшін қызықты болмақ.

Сондай-ақ қала кітапханаларында әдеби-музыкалық кештер, патриоттық сабақтар мен танымдық кездесулер өткізіледі. Ауылдық елді мекендердегі мәдениет үйлері де мерекелік бағдарламадан тыс қалмайды.

Айта кетейік, биыл Республика күніне орай Павлодарда отшашу ұйымдастыру жоспарланбаған. Мерекелік іс-шаралардың толық афишасы әлеуметтік желілерде жарияланады.