Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалына жаңа директор тағайындалды
Бұдан былай өңір қаламгерлерінің басын біріктіретін ұйымға белгілі ақын, жазушы Серік Елікбай жетекшілік етпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оны қалам ұстаған зиялы қауымға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова таныстырды.
– Қазақстан Жазушылар одағының өңір әдебиетін, мәдениетін, руханиятын дамытуда алар орны зор. Қоғамды ұйыстыратын ұйымдардың бірі деп білеміз. Сондықтан бұл ұйымға қаламгерлігі елге таныс, тәжірибелі Серік Елікбайдың кандидатурасы ұсынылды, – деді Айзада Құрманова.
Серік Елікбай Торайғыров университетінің қазақ тілі және журналистика кафедрасының профессоры, елімізге белгілі ақын, жазушы, «Қанжығалы Бөгенбай», «Мәшһүрдің мұңы» романдарының авторы.
– Шын әдебиет ақысыз, пұлсыз жасалатын жұмыс қой. Соның бір жақ шетінде жүру – мен үшін үлкен мәртебе. Осынау жауапкершілігі зор міндетті сеніп тапсырып жатқан әріптестеріме алғысымды білдіремін, –деді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай.
Кездесу барысында одақ мүшелері сөз алып, жаңа тағайындалған директорға сәттілік тіледі. Аймақ әдебиетін дамыту бағытындағы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық өкілдігіне Жарқынбек Амантай басшылық еткен болатын. Ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайлануына байланысты бұл қызметін босатты.