Павлодар облысында көлікті мас күйде тізгіндеген жүргізуші жазаланды
Ол шағын автобусты басқарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департементінің мәліметінше, 23 шілдеде сағат 21:00 шамасында Ертіс ауылында Желтоқсан көшесінде патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері «Volkswagen Caravelle» маркалы шағын автобусты тоқтатты. Жүргізуші мас күйінде болған.
– Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Сондай-ақ, жүргізушінің көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ екендігі анықталды. Медициналық куәландыру қорытындысының нәтижелері полицейлердің күдігін растады - ер адам ауыр дәрежелі мас күйінде болды, – дейді Павлодар облысы ПД Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Мас күйде көлік жүргізген 30 жастағы тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне туыстарына қонаққа келгенін, онда ішімдік ішіп, ауылды аралап шыққысы келгенін айтып берді. Соттың шешімімен ер адам 20 тәулік мерзімге қамауға алынды.
Бүгінгі таңда көлік құралын мас күйінде жүргізген 668 жүргізуші жауапқа тартылды.