Көлікті сүйреткен: Павлодарда зейнеткер ауруханаға түсті
Тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік жол қозғалысының әрбір қатысушысына байланысты екенін еске салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Н.Назарбаев даңғылы бойында «Lada Vesta» маркалы автомашинаның жүргізушісі «Volksvagen» маркалы автомашинаны троспен сүйретіп бара жатқан кезде алдын ала жалаушалармен немесе қалқандармен жабдықтамаған.
– Салдарынан 62 жастағы жаяу жүргінші жолдың жүріс бөлігінен өту кезінде тросты көрмеген және сүрініп құлаған. Қолы жарақаттанған әйел адам ауруханаға жүгінді, – деді департаментте.
Полиция қауіпсіздік үшін көлік жолда бұзылып қалған кезде ҚP Жол жүру ережелерінің 7-тармағының 1-тармақшасына сәйкес апаттық жарық дабылын қосу қажет екенін еске салады. Сонымен қатар, көлік құралдарын сүйрету кезінде де апаттық жарық дабылын қосу қажет.