Ертіс ауданында тұрғынның жасырып қойған мылтығы тәркіленді

Ертіс ауданында тұрғынның жасырып қойған мылтығы тәркіленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары заңсыз қару мен жол ережесін бұзу деректерінің жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында жедел алдын алу іс-шарасы 2025 жылғы 21-23 қазан аралығында ұйымдастырылып, аудан полицейлері күшейтілген қызмет режиміне көшті.

Алғашқы күннің өзінде тәртіп сақшылары тіркелмеген атыс қаруын заңсыз сақтау дерегін анықтады. Тексеру барысында Ертіс ауданының шалғай ауылдарының бірінде тұратын 21 жастағы азаматтың 12 калибрлі, «ИЖ» маркалы бір ұңғылы мылтықты жасырын сақтап келгені белгілі болды.

– Ауыл тұрғынының айтуынша, ол мылтықты балық аулау кезінде тауып алып, «керек болып қалар» деген оймен сақтап қойған. Аталған дерек бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, – аудандық полиция бөлімінде. 

Тағы бір жағдайда, Голубовка ауылында, Достық көшесінде полицейлер тіркеу нөмірі жоқ мотоциклді тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі шыққан. Белгілі болғандай, 56 жастағы ауыл тұрғыны ішімдік ішіп алып, көлік басқарған. Бұл факті бойынша жиналған материал сотқа жолданды.

Полиция бөлімінде атап өткендей, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіпті сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда тұр.