Павлодар облысында педагогтерді марапаттауға құжат қабылдау басталады
Үміткерлердің білім беру ұйымдарындағы еңбек өтілі кемінде 10 жыл болуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен педагогтерді марапаттауға құжаттар қабылданады.
Төсбелгіге мектепке дейінгі, жалпы білім беретін, мамандандырылған, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 10 жыл еңбек еткен педагогтер ұсыныла алады. Сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың педагогтері қатыса алады.
– Үміткерлер белгіленген талаптардың кемінде біріне сәйкес келуі керек. Атап айтқанда, облыстық немесе республикалық сараптамалық кеңестер мақұлдаған оқу-әдістемелік кешендердің, оқулықтардың және әдістемелік-дидактикалық материалдардың авторы немесе бірлескен авторы болуы мүмкін. Сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар, орындаушылар, кәсіби шеберлік және спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтердің кандидатуралары қабылданады, – делінген хабарламада.
Облыстық, республикалық немесе халықаралық деңгейдегі педагогикалық және кәсіби конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі кәсіби іс-шараларға қатысқан ұстаздар да төсбелгіге үміткер бола алады.
Қатысу үшін өтінім және педагогтің өзі мен білім алушыларының соңғы үш жылдағы жетістіктерін растайтын портфолио тапсыру қажет.
Соңғы бес жыл ішінде ақшалай сыйақы алған «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпаздарының кандидатуралары қарауға қабылданбайды.
Құжаттар 8-21 қыркүйек аралығында Павлодар қаласы, Олжабай батыр көшесі, 22А мекенжайында қағаз түрінде қабылданады.