Цифрлық білім беру: Павлодарлық оқушылар теориядан практикаға көшті

Цифрлық білім беру: Павлодарлық оқушылар теориядан практикаға көшті
Фото: Есенжол Исабек

Павлодар қаласындағы №47 жалпы орта білім беру мектебінде цифрлық білім беру мен STEM бағытындағы оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мектеп 2026 жылы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған.

Информатика пәнінің мұғалімі Айнаш Омарованың айтуынша, жаңа білім ордасы өңірдің цифрлық білім беру саласына елеулі үлес қосып отыр.

– Біздің мектепте STEM зертханалары толық жабдықталған. Бастауыш сыныптан бастап химия, биология, информатика кабинеттері тәжірибелік қораптармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, барлық кабинеттерде заманауи сенсорлық панельдер орнатылған, – дейді мұғалім.

Оның айтуынша, мұндай жабдықтар оқушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, алған білімін нақты өмірде қолдануға мүмкіндік береді.

– Мысалы, химия сабақтарында оқушылар тәжірибе арқылы саусақ іздерін зерттей алады. Бұл тек кітаптан оқып қана қоятын тақырып емес, нақты эксперимент арқылы орындалады. Бастауыш сыныптарда түрлі тағам өнімдерінің құрамын зерттеу арқылы олардың ішіндегі заттарды анықтау тәжірибелері жасалады, – деп түсіндірді ол.

Мектепте оқушылар ғылыми жобалармен де белсенді айналысады. STEM кабинеттерінде олар модельдер жасап қана қоймай, сол модельдердің кішірейтілген нұсқасын дайындап, қорғау кезінде нақты түрде көрсетеді. Бұл оқушылардың жобалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Айнаш Қапасқызының айтуынша, бір оқушының жобасы облыстық деңгейде жоғары бағаланған. Ол былтыр балбал тастарды зерттеп, тек теориялық түрде ғана емес, фотоматериалдар арқылы таныстырған. Ал биыл сол жобаны әрі қарай дамытып, жасанды интеллект көмегімен балбал тастардың 3D моделін жасап, оларды карта түрінде көрсетуді жоспарлап отыр.

Мектепте жасанды интеллект тек мұғалімдер деңгейінде емес, оқушылар тарапынан да кеңінен қолданылуда. Мысалы, 10-сынып оқушысы Аружан Бегежанова ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаттығу сайтының прототипін әзірлеген. Бұл платформа арқылы қолданушылар әртүрлі жаттығуларды орындап, дене белсенділігін дамытуға мүмкіндік алады.

Мұғалімнің айтуынша, мұндай жобалар оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әлеуметтік маңызды мәселелерге де назар аударуға үйретеді.

– Біз тек бағдарламаны оқытумен шектелмейміз. Оқушылардың өз идеяларын нақты өнімге айналдыруына жағдай жасаймыз, – дейді Айнаш Омарова.

Мектепте STEM бағыты, жасанды интеллект элементтері және жобалық оқыту жүйесі қатар дамып, оқушыларды болашақ технологиялық ортаға бейімдеуге бағытталған.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар облысының бірқатар мектебінде жасанды интеллект пәні оқытыла бастайды. Алғашқы кезеңде жаңа пән бес ауылдық мектепте оқытылады.