Павлодарда республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен өткен жүлдегерлер анықталды
Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңіне 43 жалпы білім беру мектебінің 745 оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен жарыс жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ұйымдастырылды. № 7, 11 мектептерде өткен олимпиаданың қалалық кезеңінде жалпы білім беретін пәндер бойынша 7-8-сынып оқушылары бақ сынады.
Іс-шара республикада 7-8-сынып оқушыларымен алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушылар 30 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын, ал информатика бойынша тапсырмаларды компьютерлерде орындады.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 381 оқушы жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде I орын – 28 оқушы, II орын – 113 оқушы, III орын – 240 оқушы иеленді. Олимпиаданың қалалық кезеңінің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері Павлодар қаласы білім беру бөлімінің дипломдарымен марапатталады.
Айта кетейік, 2024 жылдың сәуір айында олимпиада жеңімпаздары олимпиаданың облыстық кезеңінде қала мектептерінің намысын қорғайтын болады.