Ертіс ауданында әдеби марафон өтті
Онда отандық, ресей және шетел шығармалары оқылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, «Оқуға құштар мектеп» жобасы шеңберінде атқарылған жұмысты жалғастыра отырып, Ертіс ауданында 3 жыл қатарынан қазақстандық, Ресей және шетел шығармаларын дауыстап оқу бойынша «Жанды классика» әдеби марафоны өтеді.
Балалар мен жасөспірімдердің оқу мәдениетін дамыту және сақтауды мақсат еткен аталмыш марафонға ауданның 5-11-сыныптарынан 30 оқушы қатысты. Қатысушылардың мәнерлеп оқуына, мәтінді білуіне, интонациялық мәнеріне және мимикасына ерекше назар аударылды.
- Мұндай байқаулар балалардың тарихқа деген махаббаты мен мақтаныш сезімін оятып, әрбір жастың тұлғасын, жеке ерекшеліктерін дамытады. Доданың әрбір қатысушысы шығарманы толық түсініп, ондағы кейіпкерді жүрегімен қабылдап оқу шеберлігін көрсетті, - делінген хабарламада.
Қатысушылар «Ана-жер-ана», «Менің атым Қожа», «Тұлып» сияқты шығармалардың мәнін ерекше сезіммен, драматизммен жеткізді. Әрбір қатысушы көпшілік алдына шыққан шығармаға жанын салды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен марапатталды.