Павлодар облысында риэлторды айналып өтпек болған азамат айыппұл төлейтін болды

Павлодар облысында риэлторды айналып өтпек болған азамат айыппұл төлейтін болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Азамат агенттікпен пәтерді сату жөнінде шарт жасасқанымен, кейін жылжымайтын мүлікті өз бетінше сатып, келісілген сыйақыны төлеуден бас тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жеке кәсіпкер «Р» жылжымайтын мүлік агенттігінің берешекті өндіріп алу туралы іс бойынша апелляциялық шағымын қарады. Тергеу барысында жеке кәсіпкер мен азамат Ю. арасында пәтерді сатып алушыларды табу жөнінде шарт жасалғаны анықталған.

– Шарт талаптарына сәйкес, тапсырыс беруші сатып алушыны өзі тапқанның өзінде, шарттың әрекет ету мерзімі ішінде мүлікті сату фактісі орын алса, ол 800 мың теңге төлеуге міндетті. Алайда азамат Ю. пәтерді өзі сатып, келісілген сыйақыны төлемеген, – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Бірінші сатыдағы сот бұған дейін шарт талаптарын тым ауыр деп бағалап, талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

– Алайда сот алқасы бұл шешіммен келіспей, шартқа тараптардың ерікті түрде қол қойғанын атап өтті және ҚР Азаматтық кодексінің міндеттемелерді тиісінше орындауды талап ететін 272-бабына, сондай-ақ көрсетілген қызметке ақы төлеуді міндеттейтін 683-бабына сілтеме жасады. Шарттың әрекет ету мерзімінде пәтерді сату төлем жасау міндетін растайды, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, шарттың 4-тармағы ескеріліп, апелляциялық сот алқасы азамат Ю.-дан жеке кәсіпкердің пайдасына 300 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Осылайша, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшін жойып, апелляциялық шағым қанағаттандырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.