Павлодар облысында креативті индустрия дамып келеді

Шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында өңірде Жастар бастамаларын дамытудың 13 орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың мәліметінше, облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының базасында креативті жастармен жұмыс жөніндегі бөлім қызмет етеді. Бұл бөлім жастарға шығармашылық жобаларын іске асыру үшін алаң ұсынып, олардың креативті индустриялар саласындағы бастамаларын қолдайды.
Мекеме жанынан ашылған MUSIC ROOM, үстел ойындары клубы, мәдениет клубы сынды түрлі қызығушылық клубтары жастардың өнер мен хобби саласындағы әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бөлім жыл бойы форумдар, флешмобтар, конкурстар мен фестивальдер ұйымдастырып, жастардың бастамаларына серпін беріп келеді.
2024 жылы «Creative Lab» атты кең ауқымды имидждік жоба жүзеге асырылып, оның аясында 20-дан астам шеберлік сабағы өткізілді. Сонымен қатар, ғылымға қызығушылықты арттыру мақсатында 24 зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Жастардың мәдени деңгейін көтеру үшін «Ulagatty urpaq» жобасы іске қосылып, Павлодар қаласының мұражайларына 12 экскурсия өткізілді.
Жалпы, 2024 жылы креативті жастармен жұмыс жөніндегі бөлім 156 іс-шара ұйымдастырып, 76 мыңнан астам адамды қамтыды. Ал 2025 жылы талантты жастарға арналған 10-нан астам ірі жоба аясында 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Әлнұр Сейдуманов облыс жастарын алдағы жобалар мен іс-шараларға белсенді қатысуға шақырады. Бұл мүмкіндіктер кәсіби дамуға жол ашып қана қоймай, өңірдің дамуына жастардың үлес қосуына мүмкіндік береді.