Павлодар облысында туризм экономиканың маңызды драйвері ретінде қарастырылуда
Өңірде инфрақұрылымды дамыту мен инвестиция тартуға басымдық берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында туризм және қонақжайлылық саласы бойынша салалық кеңестің отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мемлекеттік органдар мен туристік бизнес өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірдегі туризмді дамыту және Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасында көзделген міндеттерді орындау болды.
Жиынды ашқан Айгүл Мәлікова Үкімет тапсырмасына сәйкес өңірлерде туризмді дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, туризм мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысынан кейін өңірлерге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс топтарын құру және осы саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылған.
Айгүл Мәлікова туризмнің өңір экономикасындағы маңызына тоқталып, оның жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестиция тартуға ықпал ететінін айтты. Оның айтуынша, туристік өнімді кәсіпкерлер қалыптастырады, қызмет көрсету деңгейін анықтайды және демалыс орындарын дамытады. Сондықтан тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, қызмет көрсету сапасын арттыру да маңызды, себебі бұл өңірдің туристер үшін тартымдылығына тікелей әсер етеді.
– Облыста Сабындыкөл мен Жасыбай көлдеріндегі туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, облыс әкімі тапсырмасына сәйкес 2027 жылға дейін барлық жағажайлар Павлодардағы жаңа үлгідегі жағалау сияқты қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Павлодар өңірінде туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау және инвестор тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар оқиғалық, экологиялық және мәдени туризм бағыттары да белсенді дамып келеді. Мәселен, «Ertis Promenade» сахнасында маусым жабылу іс-шарасы өңірдің мәдени-туристік күнтізбесіне енгізілген. Сондай-ақ тұрғындар мен қонақтар үшін Габдулла Уахит хазірет кесенесіне автобуспен экскурсиялар, Екібастұз қаласындағы «Богатырь» және «Восточный» көмір разрездеріне саяхаттар, сондай-ақ облыстың қасиетті орындарына турлар ұйымдастырылады. Олардың қатарында Исабек Ишан хазірет кесенесі кешені де бар. 2026 жылы бірқатар имидждік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі – Баянауыл ауданында туристік маусым ашылар алдында өтетін «Таза Баян – Таза жүрек» экологиялық акциясы.
Маңызды жобалардың бірі – Баянауылда визит-орталық ашу. Оның іске қосылуы шілде айына жоспарланған. Мұнда туристер демалыс орындары, бос нөмірлер, қызмет сапасы мен бағалар туралы ақпарат ала алады. Визит-орталық үшін арнайы цифрлық платформа әзірленген.
Саланың қазіргі жағдайы туралы Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахметжанов баяндады. Ол өңірдегі туризм саласының даму көрсеткіштерін цифрлармен ұсынды. Соңғы бір жылда ішкі және шетелдік туристер саны 20 пайыздан астам артқан. Қонақ үйлер мен демалыс базалары көрсететін қызмет көлемі 26 пайызға өссе, нөмірлік қор 10 пайызға ұлғайған. Алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі үш миллиард теңгеден асты. Жыл соңына дейін тағы 22 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Павлодар облысында 150 туристік нысан жұмыс істейді, олар 10 мыңнан астам орналастыру орнымен қамтамасыз етілген. Өңірге көбіне Ресейдің шекаралас аймақтарынан, сондай-ақ Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан туристер келеді.
– Ең танымал демалыс бағыттары – Баянауыл, Маралды көлі және Павлодар қаласы. Сонымен қатар, Аққулы ауданындағы Тұзқала, Екібастұздағы Солнечный кентінің жағажай аймағы және Шарбақты ауданындағы Шалдай орманы да туристер арасында сұранысқа ие. Өңірдің қасиетті нысандарына да қызығушылық артып келеді. Олардың қатарында Машһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Ғабдул Уахит хазірет кесенесі және Исабек Ишан хазірет кесенесі кешені бар, – деді спикер.
Бұдан бөлек, өңірде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Баянауылда құны шамамен 120 миллион теңге болатын қарау алаңы салынуда. Бұдан бөлек, Жасыбай көлінің жағажайын абаттандыруға биыл бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Іске асқан ірі жобалардың қатарында өткен жылы Жасыбай көліндегі «Березовая роща» қонақ үйінің жаңа корпусы мен «Pegas» жанармай құю станциясының құрылысы бар. 2026-2027 жылдары жалпы құны 18 миллиард теңгеге тең тағы төрт ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында Novotel қонақ үйі, аквапарк, эко-ауыл және «СабПлаза» демалыс үйінің құрылысы бар.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің директоры Дәмилә Құнанова ұйымдастырылған туризмді қолдаудың жаңа тетіктері туралы айтты. Енді туристік топтар мемлекеттік шекараны басым тәртіппен кесіп өте алады. Ол үшін туроператорлардың арнайы тізімі жасалып, шекара қызметіне беріледі.
Сондай-ақ туристік бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Кәсіпкерлер туристік нысандар мен жол бойы сервистік объектілерін салу шығындарының бір бөлігін өтеуге, туристік көлік пен жабдық сатып алуға және басқа да қолдау тетіктерін пайдалануға мүмкіндік алады.
Кездесу қатысушылары туризмді дамыту мемлекет пен бизнестің тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін еместігін атап өтті. Мұндай диалог туындаған мәселелерді жедел шешуге және кәсіпкерлер мен туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
2026 жылғы туристік маусымда Павлодар облысында түрлі мәдени, экологиялық және оқиғалық іс-шаралар жоспарланған. Сонымен қатар, блог-турлар, қонақ үй бизнесі мен туроператорларға арналған оқыту семинарлары, мобилографтар мен студенттерге арналған конкурстар және Павлодар өңірінің туристік нысандарын насихаттауға бағытталған өзге де жобалар ұйымдастырылады.