Павлодарлық туристерді «Абай жолына» шақырды
«Saida Plaza» бизнес-орталығында дәстүрлі «Turizm.Pvl» туристік көрмесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға Павлодар облысының және еліміздің басқа да облыстарының туризм саласындағы өкілдері, сондай-ақ Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан келген делегациялар қатысады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырған көрменің негізгі мақсаты – туристік нарық мамандарын біріктіру, ішкі және сыртқы туризмі саласында жаңа бағыттар құру, тәжірибе алмасу, туризм, демалыс және саяхат саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейін арттыру.
– Жыл сайын өтетін шара дәстүрлі көрмеге айналды. Оған Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстарынан келген қонақтар да қатысуда. Көрмеге түрлі ұлттық киімдер, әшекейлер, бұйымдар мен картиналар қойылды – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Дәуітбаев.
Көрмеге көршілес Абай облысынан келіп, ерекше турларды насихаттап жүрген қонақтар да бар. Оның бірі – Абай облысынан келен «S.G travel» туристік фирмасы.
– Мен Абай облысындағы туристік фирмадан келіп отырмын. Біздің үлкен жобаларымыздың бірі «Абай жолы» деп аталады. Бұл турда туристер Абай Құнанбайұлының Жидебайдан Семей қаласына оқуға барған жолымен жүретін болады. Абайдың әңгімелерде кездескен барлық жерлерді аралаймыз, – дейді «S.G travel» туристік фирмасының қызметкері Балауса Айдарқызы.
Айта кетерлігі, көрмеге Павлодар облысының аудандары да атсалысты. Мәселен, Май ауданының тұрғыны көрмеге түрлі көне жәдігерлерді алып келсе, қалалық суретшілер туындыларын сатылымға қойды.