Туған қалаға тағзым: павлодарлықтар фотокөрмеге қатыса алады
Шара қала күніне орай ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала күні қарсаңында Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі өңір тұрғындарын «Менің сүйікті Павлодарым» атты фотокөрмеге қатысуға шақырады.
— Қаланы өз көзіңізбен көретін ерекше қырынан көрсетіңіз. Яғни жайлы көшелерді, көрікті табиғат бұрыштарын, сүйікті демалыс орындарын, сәулет ескерткіштерін, Ертіс жағалауын немесе Павлодарды ерекше ететін әсерлі сәттерді фотосуретке түсіріңіз. Туған қалаңызға деген сүйіспеншілігіңізді фотокамера объективі арқылы жеткізіп, өз тарихыңызбен бөлісіңіз, - дейді ұйымдастырушылар.
Көрмеге қатысу үшін фотосуреттер көлденең форматта түсірілуі тиіс, суреттер анық әрі сапалы болуы керек, әр фотоның түсірілген орын туралы ақпарат (нысанның атауы немесе орналасқан жері), сондай-ақ қатысушының тегі, аты және байланыс телефоны берілуі қажет. Сонымен қатар, қатысушы бірнеше фотосурет ұсына алады.
Фотожұмыстар 30 маусымға дейін sheglova.1996@mail.ru электрондық поштасында қабылданады.
Үздік жұмыстар Павлодар қаласы күніне орай ұйымдастырылатын «Менің сүйікті Павлодарым» фотокөрмесінде көпшілік назарына ұсынылады.