Павлодар облысында заңсыз аңшылық фактісі анықталды

Павлодар облысында заңсыз аңшылық фактісі анықталды
Фото: Константин Шелков

Сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында Май ауданының Қызыл Еңбек ауылынан үш шақырым қашықтықтағы дала аймағында «Toyota Land Cruiser 200» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде тіркемеден екі арқар мен бір ақбөкеннің сойылған еті табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, көлік салонынан тегіс ұңғылы бір оқпанды карабин алынды.

– Заңсыз аңшылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген еттер сараптамаға жіберілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Бұдан бөлек, «Subaru Outback» автокөлігі тоқтатылып, оның салонынан чемодандарда, патронташа мен сөмкелерде сақталған 500-ден астам әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер, бір оқпанды карабиндер және тегіс ұңғылы екі  оқпанды мылтық табылып, тәркіленді.