Павлодарлық трубач Қазақстанның үздік студенттері қатарына енді
Мамандар жас музыкантты болашағы зор жұлдыз деп бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жеңімпаздарды іріктеу бірнеше маңызды критерий бойынша жүргізіледі. Негізгі талап –оқу үлгерімі. Екіншісі – кәсіби байқаулардағы жетістіктер. Үшінші критерий – ғылыми жұмыстардағы табыс, ал төртіншісі – қоғамдық белсенділік.
Музыкалық колледждің баспасөз қызметінің айтуынша, үміткер тек үздік оқитын студент қана емес, сонымен бірге белсенді волонтёр, қоғамдық іс-шаралардың бастамашысы болуы керек. Жасұлан – Владимир Шлегельдің талантты шәкірті, республикалық және халықаралық байқаулардың көп мәрте жеңімпазы. Ол барлық талаптарға толық сәйкес келіп, әр критерий бойынша жоғары балл жинады. Соның нәтижесінде стипендия лауреаты атанды.
– Айта кетерлігі, шаһардан ҚР Тұңғыш Президенті Қорының сыйақысына тек музыкалық колледж студенттері ие болып келеді. Биыл бұл мәртебелі стипендияны «Үрмелі және соқпалы аспаптар» бөлімінің үшінші курс студенті Жасұлан Төрегелді алды, – деп қуанышты жаңалықпен бөлісті музыкалық колледж өкілдері.
Астанада өткен марапаттау рәсімі Жасұлан үшін ерекше есте қалды: ол тек лауреат атанып қана қоймай, салтанатты шарада музыкалық нөмір орындау құрметіне ие болды. Бұл оның кәсіби деңгейі мен жоғары дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.