Павлодар облысында жануарлар дүниесін қорғауға басымдық берілуде

Павлодар облысында жануарлар дүниесін қорғауға басымдық берілуде
Фото: Константин Шелков

Сондай-ақ жабайы жануарлар санын реттеу жұмыстары күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде экологиялық тепе-теңдікті сақтау, халық пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында кешенді табиғат қорғау және алдын алу шаралары жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыста жалпы аумағы 9,4 млн гектарды құрайтын аңшылық алқаптар, мемлекеттік орман қоры жерлері, Ертіс өзенінің жайылмасы мен резервтік балық шаруашылығы су айдындары қорғауға алынған. Жануарлар дүниесін қорғау жұмыстарын мемлекеттік табиғат қорғау мекемелері мен арнайы қызметтер жүзеге асырады.

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — киік санының артуы. Егер 2023 жылы облыста шамамен 25 мың киік тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 100 мыңнан асты. Осыған байланысты былтырдан бері жедел штаб жұмыс істеп келеді. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, «Охотзоопром» мамандары, аңшылық шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарының өкілдері енгізілген.

Қазіргі уақытта киіктердің көшу бағыттарына тұрақты мониторинг жүргізіліп, егістік алқаптарын қорғау үшін патрульдеу, үйірлерді ығыстыру және шоғырланған аумақтарды оқшаулау шаралары қолға алынған. Жұмыс Ақсу, Екібастұз қалалары мен Май, Баянауыл аудандарында тәулік бойы ұйымдастырылған.

Сағын Төлеутаевтың айтуынша, бүгінде киік санын ғылыми негізде реттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта еліміздің басқа өңірлерінің тәжірибесі зерттелуде. Сонымен қатар заңнама аясында киік етін өңдеу және өткізу мүмкіндігі пысықталуда.

- Біздің басты мақсатымыз — жануарлар дүниесін қорғау, экологиялық қауіпсіздік пен өңір тұрғындарының мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Барлық жұмыстар жүйелі әрі ғылыми негізде жүргізілуде, — деді Сағын Төлеутаев.

Өңірде балық қорын сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2025–2026 жылдары қысқы балық қырылуының алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Су айдындарында мыңнан астам ойық бұрғыланып, 39 майна жасалды. Жұмысқа 200-ге жуық адам тартылды. Жүйелі профилактикалық шаралардың арқасында соңғы үш жылда ірі балық қырылуына жол берілген жоқ.

Сонымен қатар өңірде балық қорына елеулі әсер ететін бакландардың санын реттеу жалғасуда. Биыл бұл бағытта ғылыми тәсілдер мен баламалы әдістерге, оның ішінде ұялардағы жұмыртқаларды өңдеу жұмыстарына басымдық берілуде.

Қыс мезгілінде жабайы жануарларды қолдау мақсатында биотехникалық шаралар да жүзеге асырылуда. Азық дайындалып, қоректендіру орындары мен тұз салғыштар орнатылуда. Бұл жануарлардың қоныс аударуын азайтып, қысқы кезеңдегі тіршілік ету мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.