Жұмыссыздық жоқ: Павлодар облысындағы үздік ауылдың ерекшелігі неде?

Жұмыссыздық жоқ: Павлодар облысындағы үздік ауылдың ерекшелігі неде?
Фото: Алтынай Дюсембаева

Елді мекеннің басты байлығы – еңбекқор халық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тереңкөл ауданына қарасты Алтай «Үлгілі ауыл» облыстық байқауында жеңімпаз атанды. Ауыл Павлодар қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан. Ауыл маңында орман алқаптары мен қайыңды тоғайлар бар. Елді мекенге кіреберіс жолдың бойында жасыл желек жайқалып тұр. Мұнда 500-ден астам адам тұрады. Әрқайсысы туған ауылының көшелері таза, тіршілігі қарқынды болуы үшін өз үлесін қосып келеді.

Ауылдық округ әкімі Алтынай Дүйсембаеваның айтуынша, Алтайдың басты ерекшелігі – тұрғындардың еңбекқорлығы. Мұнда жұмыссыздық жоқ. Жергілікті тұрғындар біреудің келіп, мәселені шешкенін күтпей, туған өлкенің дамуына өздері атсалысады.

– Төрт жыл бұрын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдағы барлық әлеуметтік нысанға, атап айтқанда, мәдениет үйіне, дәрігерлік амбулатория мен мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ауылішілік жолдардың барлығы жаңартылып, асфальт төселді. Шағын футбол алаңы салынды. Жол және ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Ауыл тұрғындары спортты жақсы көреді. Бізде заманауи кешен бар. Облыстық деңгейдегі турнирлер өткіземіз, – деді Алтынай Дүйсембаева.

Алайда ауыл тіршілігі абаттандырылған көшелер мен әлеуметтік нысандармен ғана шектелмейді. Шағын кәсіпкерлік дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Тұрғындардың табыс табу үшін туған жерінен кетпей-ақ еңбек етуіне мүмкіндік жасауға көңіл бөлінеді.

Алтайда алты жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Олар үй іргесіндегі шаруашылықпен, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен айналысады, сондай-ақ халыққа түрлі қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, жергілікті шикізаттан жартылай дайын өнім шығаратын екі цех бар. Олардың бірі өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазір кәсіпорын үшін жаңа ғимарат салынып жатыр. Жұмыс аяқталған соң өндіріс көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген.

Ауылда дәмхана, шағын қонақүй, төрт дүкен және маникюр салоны бар. Сондай-ақ «Вильгельм» шаруа қожалығына тиесілі мал сою алаңы жұмыс істейді. Ал «Команов» шаруа қожалығы өз тоғанында күміс түсті тұқы өсіреді.

Алтай өмірінде өзара қолдау да ерекше орын алады. Жергілікті кәсіпкерлер ауыл тұрғындары ортақ пайдаланатын нысандарға қаражат салып, балалар мен ересектердің тұрмысын жақсартуға үлес қосып жүр.

– Демеушілердің қолдауымен ауылда 30 орындық «Зернышко» шағын орталығы жұмыс істейді. Оны «Вильгельм» шаруа қожалығы салып, аудандық білім бөлімінің балансына берді. Кәсіпкер өз қаражатына спорт кешенін тұрғызып, оны күтіп ұстауға да өзі қаржы жұмсайды. Екі жыл бұрын ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, ескі еденнің орнына заманауи жабын төселді, – деді ауылдық округ әкімі.

Туған ауылға деген қамқорлық күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйегінен де байқалады. Жазда көшелер мен аулалар гүлге бөленіп, жасыл желек елді мекенге ерекше көрік береді. Сондықтан көгалдандыру ауылды абаттандырудың маңызды бағыттарының бірі саналады.

Алтайда саябақтар, алаңдар, көгалдар мен гүлзарлар бар. Ауылдағы мекемелер мен кәсіпорындар мыңнан астам петуния көшетін отырғызған. Ал тұрғындар үйлерінің ауласына мыңнан астам гүл еккен. Сәуір айында ағаш отырғызу акциясы аясында ауылдық округ аумағына 175 қарағай көшеті мен 100-ден астам бұта отырғызылды.

Алтайдың тағы бір ерекшелігі – өз қонақүйінің болуы. Бұл нысан ауылға сырттан келетін адамдарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

– Ауылда өз кафеміз бен шағын қонақүйіміз бар. Оны жергілікті кәсіпкер салды. Бізге Германия мен Ресейден қонақтар келеді. Олардың арасында ауыл тұрғындарының туыстары, сондай-ақ кезінде көшіп кеткенімен, жазда туған жеріне демалуға келетін адамдар бар. Көпшілігі шағын ауылда қонақүйдің болғанына таңғалады, – дейді Алтынай Дүйсембаева.

Ауылға келгендердің тағы бір қызығушылығын оятатын нысан – күміс тұқы өсірілетін тоған. Мұнда демалуға, әуесқойлық балық аулауға және жергілікті өнім сатып алуға болады.

Спорттық іс-шаралар да ауылға қонақ тартуға ықпал етеді. Жыл сайын мұнда спорт ардагерін еске алуға арналған волейбол турнирі өтеді. Оған облыстың әртүрлі аудандарынан командалар қатысады. Осылайша, жарыс спорттық бәсекемен қатар, түрлі елді мекендердің тұрғындарын кездестіретін ортаға айналған.

«Үлгілі ауыл» облыстық байқауындағы жеңіс – ауыл тұрғындарының ортақ еңбегіне берілген баға. 500 мың теңге көлеміндегі жүлдені ауылдық округ әкімі аппаратына қажетті кеңсе техникасын сатып алуға жұмсау жоспарланып отыр. Ал бас жүлде ретінде ауылға автокөлік беруге уәде етілген.

Енді Алтай Павлодар облысының атынан байқаудың республикалық кезеңіне қатысады.