Павлодар облысында қандай азық-түлік қымбаттады?

Тұтыну бағаларының индексі белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірде 2025 жылғы қаңтарда тұтыну бағаларының индексі 101пайызды, азық-түлік тауарларына – 101,7 пайызды, азық-түлік емес тауарларға – 100,6 пайызды, ақылы қызметтерге – 100,7 пайызды құрады.
– Азық-түлік тауарлары тобында май мен тоң майдың бағасы 3,2 пайызға, қант 2,6 пайызға, темекі өнімдері 1,5 пайызға, ет және ет өнімдері 1 пайызға, кондитерлік өнімдері 0,7 пайызға қымбаттағаны байқалды, – делінген хабарламада.
Бұл ретте жарма бағасы 4,7 пайызға, ал жұмыртқаның 0,4 пайызға төмендеді.
Көкөністер мен жемістерден картоп 16,7 пайызға, қызылша 9,7 пайызға, алмұрт 4,8 пайызға, алма 3 пайызға, ақ орамжапырақ 2,5 пайызға, сәбіз 0,5 пайызға қымбаттап, пияз 2,4 пайызға арзандады.
Азық-түлік емес тауарлардың бағасы бойынша тұрмыстық техника 3,7 пайызға, автокөліктер 3 пайызға, киім мен аяқ киім 0,8 пайызға, фармацевтикалық өнімдер 0,6 пайызға өсті.
Ақылы қызмет көрсету бойынша нотариаттық қызметтерге 6,5 пайызға, амбулаториялық-емханалық қызметтерге 2 пайызға, нақты тұрғын үйді жалға алу 1,4 пайызға бағаның өсуі байқалды.