Ертіс жағалауы ертегілер мекеніне айналады

Ертіс жағалауы ертегілер мекеніне айналады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарда балаларға арналған ауқымды мереке өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Павлодар қаласында ауқымды мерекелік жоба — Ertis Bala Magic Show өтеді. Мереке — «Балалық шақ аңызға айналған мекен» деген ұранмен өтеді.

Бұл күні Ertis Promenade жағалауы ертегілер мен қиял әлеміне айналып, балалар мен ата-аналарға ерекше атмосфера сыйлайды. Жоба аясында театрландырылған қойылымдар, шеру, интерактивті аймақтар, концерттік бағдарламалар және шығармашылық алаңдар ұйымдастырылады.

Ертегілер шеруі — мерекенің басты оқиғасы. Ertis Land стиліндегі ауқымды театрландырылған шеру балаларды қазақ ертегілері мен әлемдік анимация кейіпкерлерінің әлеміне жетелейді.

Жағалау бойымен Алтын адам мен Ұлы дала батырлары, Алдар көсе, Тазша бала, Бауырсақ, Ерке қыз, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ, суперқаһармандар мен танымал мультфильм кейіпкерлері шеру өткізеді.

Қонақтарды интерактивті көріністер, музыкалық перформанстар, фотозоналар және тосынсыйларға толы ерекше шоу күтеді.

- Мерекенің ашылуында М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының 300-ден астам тәрбиеленушісі «Айгөлек» композициясын орындайды. 500-ден астам жас өнерпаз балалар фильмдері мен мультфильмдерінің танымал саундтректерінен құралған концерттік бағдарлама ұсынады, - дейді ұйымдастырушылар.

Бұдан бөлек, жағалауда күні бойы шығармашылық шеберханалар, VR және digital-аймақтар, спорттық және ойын алаңдары, театрлық және музыкалық кеңістіктер, көрмелер мен арт-инсталляциялар жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, балаларға ерекше шығармашылық аймақтар «Суретші шеберханасы», «Сиқырлы кітап дүкені», ашық аспан астындағы музей, ертегі кейіпкерлерімен анимациялық аймақтар ұйымдастырылады. Кештің әсерлі сәті балалар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен өтетін ауқымды флешмоб болары сөзсіз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мереке қаладағы балалардың 70%-дан астамын қамтып, өңірдегі ең ірі балалар фестивальдерінің біріне айналады.

Ertis Bala Magic —мерекелік шарасы 1 маусым күні, сағат 10.00-де Ertis Promenade сахнасында өтеді.