Павлодар облысында жасөспірімдер жіті бақылауда болады
«Жасөспірімдерді бақылау» республикалық жедел-профилактикалық шарасы бір айға жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылуда.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қолға алынған іс-шара 1-20 қыркүйек аралығында облыс аумағында өтеді.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, профилактикалық іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға, қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударады.
– Шара аясында балаларға қатыстың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіз ортада болуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылыққа бейім балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылданады, - делінген хабарламада.
Полиция ата-аналарды да балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әсіресе, жасөспірімдердің бос уақытын қалай өткізетініне, қайда және кіммен бірге жүргеніне назар аудару маңызды.